ЖАЗДАРХАН СЕЙДАЛИЕВ О КУРБАНЕ АМАННИЯЗОВЕ

ВОСПОМИНАНИЯ О ДРУГЕ И СОРАТНИКЕ

Исследователь из г.Актау, научный сотрудник КГУТИ имени Ш. Есенова Бактыбай Жайлауов прислал нам еще статью о Курбане Непесовиче Аманниязове, опубликованную к его 80-летию в газете «Мангистау».   Статья была написана известным политическим деятелем ЖАЗДАРХАНОМ СЕЙДАЛИЕВЫМ.  Бактыбай редактировал эту статью.  И мы благодарим Бактыбая за его помощь и сохранение памяти об Аманниязове и других выдающихся личностей Мангистау.

   Жаздырхан Сейдалиев  — первый председатель ОО «Народное согласие» в Мангистау, родился в Туркменистане, может поэтому он и Курбан Аманниязов с первой их встречи стали близкими друзьями. Но, конечно, их объединяли и общие идеи и стремление передать свои знания и опыт своим соотечественникам, и желание помочь в становлении независимого Казахстана.

Статья в газете «Мангистау к 80-ти летию Курбана Аманниязова. Автор Жаздархан Сейдалиев. Редактор Бактыбай Жайлауов.

АКАДЕМИК ҚҰРБАН АМАННИЯЗОВ

   Жаратқанның маңдайымызға жазғаны болар, екі қоғамның тұсында, екі елде, екі жердің топырағын басып, дәм-тұзын татып, екі жұрттың да құрметін көрдік. Осынау өмір белестерінде өзіндік орыны бар тұлғалар, әр жылдары тағдырымыз тоғысып, жолымыз түйісіп жататын жандар көп кездесті. Солардың бірі – ғұлама ғалым Құрбан Непесұлы Аманниязов.

Ол 1932 жылы 22 сәуірде Ақкетікте – қазіргі Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. XIX ғасырдың 30-40 жылдарында Маңғыстау уезіндегі түркмен елінің старшинасы болған Атаназар Бек Жаналыұлының шөбересі. Балалық, жастық шағы Маңғыстауда өтеді. 1940-50 жылдары Форт-Шевченко аудандық оқу бөлімінің инспекторы боп алғашқы еңбек жолын бастаған.

1952-57 жылдары Түркмен мемлекеттік университетінде оқыды. Сол 1952 жылы мен де Ашхабадтағы Түркмен ауыл шаруашылығы институтына түстім. Институтта оқып жүргенде әуелде Құрекеңді қазақ деп естігенбіз, содан іш тартып жүрдік. Түркмен жігіті екенін кейін білдік. Бірақ оның ұлты түркмен демесек, жаны қазаққа өте жақын. Сол жылдары таныс-біліс болдық. Жақын араластық. Одан кейін көп уақыт екеуміз екі жақта жүрдік. Мен өз мамандығым бойынша жұмыс жасадым. Бертін келе атамекенге қоныс аудардым. Ал Құрекең оқу бітірген соң геология саласына кетті, ғылым жолын қуды. Орта Азияның, Арал-Каспий аймағының геологиялық құрылысын, кен байлықтарын зерттеуші ғалым, белгілі геолог болды. Алпысыншы жылдардың аяғында геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор атанды. Сексенінші жылдары Түркменстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болды.

Ұйымдастыру жұмыстарына шебер Қ.Непесұлы 1988 жылы Түркменстан Ғылым академиясының геологиялық институтын құрып, Каспий теңізі экологиясы лабораториясын ашуда ерекше іскерлік қабілетін танытқан. Ол Тұран аймағының мұнай, газ, көмір, күкірт, тұз, т.б. кен байлықтары, Копетдаг, Балқан, Гиссар тауларының, Үстірт пен Каспий теңізінің геологиясы туралы жазылған 300-ге тарта ғылыми еңбектердің, 12 монографияның авторы. Олардың ең бастылары: «Биостратиграфия және Түркменстанның жоғарғы юра қабаттарының зоогеографиясы» (Ашхабад, 1971), «Түркменстанның оңтүстік-батыс өңірінің мұнай-газ орындарының геологиясы» (Ашхабад, 1985), «Палеография және Орта Азияның батыс аймағының жоғары юра қабаттарының қазба байлықтары» (1989), «Түркменстанның солтүстік-батыс, Маңғыстаудың оңтүстік аймағы мен Үстірттің мезозой қабаттарының геологиялық құрылысы» (Ашхабад, 1989) атты кітаптары мен оқулықтары.

Қ.Аманниязовтың өмірбаянымен, еңбек жолымен танысқан адам оның ғұмырын ғылымға арнаған тұлға екеніне бірден көз жеткізеді. Қандай жауапты, басшылық қызметте жүрсе де зерттеу жұмыстарынан қол үзбеген. 1958-60 жылдары Түркменстан Ғылым академиясы Геология институтының аға ғылыми қызметкері, директордың ғылым жөніндегі орынбасары сияқты қызметтерін атқарды. 1968-81 жылдары Түркмен университетінің «Физикалық география» кафедрасының профессоры боп жемісті еңбек етті. 1981-88 жылдары Түркменстан Ғылым академиясы Геология институтының директоры болды. 1988-92 жылдары Түркменстан политехникалық институтының «Геология» кафедрасын басқарды. 1992 жылдан 1995 жылға дейін Түркменстан Ғылым академиясы Каспий теңізі экология лабораториясының меңгерушісі бола жүріп, 1994 жылы Маңғыстауға келгісі келетінін айтып маған сәлем жолдап жіберіпті. Ондай оқымысты, ғалым біздің өңірдің жоғарғы оқу орнына келетін болса, университетімізге пайдалы ғой. Ол кезде қазіргі Ақтау мемлекеттік университетінің ректоры Тоқшылық Божанов деген жігіт еді. Соған бардым. Көші-қон бөлімінің басшысы болып тұрған кезім. «Осындай ғалым адам бар, Маңғыстауға келгісі келеді. Бірақ пәтер алу мәселесін алдымен шешіп берсеңіз ғана келеді», – дедім. Ол бірден келісті. Үйді де келген бойда беретін болды. Сәті түсіп кетті. Жақсы, жайлы үй берілді. Содан осында көшіп келген Құрекең жұмысын жасап кетті. 1995 жылдан Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің Мұнай және газ институтында кафедра меңгерушісі болды.

Осы еңбектеріне орай екі елден де тиісті жоғары марапаттарын алды. «Жоғарғы оқу орындарының үздігі» төс белгісімен (1981), Түркменстан Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен (1981), КСРО-ның Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің алтын медалімен (1984), геологтардың халықаралық XXVII конгресінің алтын медалімен наградталған.

Қазақтың да, түркменнің де тілдерін, салт-дәстүрлерін, тарихын жақсы білетін Қ.Аманниязов – қос халықтың достығын насихаттаушы. Ол Ақтау қаласында түркмен мәдени орталығын құрды. Осындағы түркмендер бар, басқа ұлттардың ұлттық орталықтары бар, көбімен қойын-қолтық жұмыс істеп жүрді. Оның алдында 1992 жылы біз «Халық келісімі» деген қоғамдық бірлестік құрғанбыз. Биыл жиырма жыл толады. Құрекеңнің өзі иі жұмсақ, мінезі биязы азамат. Оның зайыбы – қазақтың қызы, Қосайдың Тінейі. Бірақ мен оған жезде дегем жоқ, бірге оқып, бірге жүргесін қатар-құрбы болып араластық. Содан қызмет барысында жолымыз қайта тоғысты. Көп істерде бірге жұмыстандық. Ол ұлттық мәдени орталықтың басшысы ретінде, мен «Халық келісімі» бірлестігінің төрағасы ретінде біраз шаруалар тындырдық. 2002 жылы Түркменстанның Президенті Сапармұрат Ниязов Астанаға келетін болды. Содан Президент әкімшілігі Құрекең екеумізді Ақтаудан Астанаға шақырды. Мені Түркменстанда туып-өскен қазақ азаматы ретінде, оны түркмен мәдени орталығының басшысы ретінде. Екеуміз де бардық, қазақтың ұлттық өрнекті шапанын алып бардық. Ол сыйлығымызды түркмен елінің телеарналары қазақтардың, Қазақстандағы түркмен өкілдерінің тартуы деп бірнеше рет эфирден де көрсеткен.

Содан Түркменстанның елшілігінде болдық, жиын өткіздік. Кездесулер ұйымдастырылды. Сол кездерден бері Құрекеңмен тіпті жақын жолдас, дос ретінде араласып, сыйласып өмір сүріп келе жатырмыз. Оның балалары да сауатты, білімді. Ұлы телевизия саласында, қыздары ғылым саласында қызмет етіп жүр.

Кейін Құрекең Алматыға көшіп кетті. Сол себепті арамыз тағы алшақтады. Бірақ сыйластығымыз, қатынасымыз үзілмеді, жиі хабарласып тұрамыз. 70 жылдығын да, 75 жылдығын да атап өттік. Енді биыл 80 жылдығы. Сол мерейтойының қарсаңында жуырда Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры, профессор Әбдімүтәліп Әбжаппаровқа өтініш айттым. Тәңір жарылқасын, ол азамат бірден мені қолдап, Ақтау қаласында ғалымның атаулы мерейтойын өткізуді жоспарлап қойды.

Құрбан Непесұлы екі елдің арасында дәнекер болып жүрген азамат. Руханият жанашыры. Кезінде Абай қара сөздерін, қазақ ертегілерін түркмен тіліне аударған. Түркмен шайыры Мақтымқұлы Пырағының қазақ тіліне аударылған өлеңдер жинағының (тәржіман – Д.Қанатбаев) алғысөзін жазды.

Өзі бала кезінен Мұрын жырауды көріп, тыңдап өскен. Ғалымдар Есбол Өмірбаев, Қабиболла Сыдиықұлы, Ғұбайдолла Айдаровтармен жақсы араласқан. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қайып-Ақбөбек оқиғасына қатысты деректерді – сазгер, ақын, әнші әрі шебер Қайып Қорабайұлының ісін Мәскеудің әскери-тарихи архивінен тапқан Құрбан Аманниязов. Ол үшін қазақ елі оған борышты. Жұрт жадында тек аңыз күйінде ғана сақталып, негізгі оқиға желісі ұмытылып бара жатқанда, құжат түріндегі дерегін шаң басқан архивтерден тауып алған. Осындай еңбектері үшін Құрбан Непесұлы Аманниязов қандай құрметке де лайық деп есептеймін.

Осы жасқа келгенде, өткен өміріме шегініс жасап ойланып отырып, осындай айтулы азаматтармен тағдыр жолымызды тоғыстырған Тәңірге тәубе деймін.

Жаздырхан СЕЙДАЛЫҰЛЫ, дербес зейнеткер,

Ақтау қаласының құрметті азаматы, Маңғыстау облыстық

ардагерлер кеңесінің мүшесі. «Маңғыстау» газеті, 28.04.2012.

Поделиться:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *